тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Жаңалықтарды «кк.аа.жжжж» форматында көргіңіз келетін күнді көрсетіңіз, мысалы, 01.01.2017
 

Іздеу нәтижелері: 6939

13 қазанның 2025 ЕЭК үшінші тараптардың ЕАЭО-ға және оған мүше мемлекеттерге қатысты шектеу шараларының тізілімін өзектілендірді Еуразиялық экономикалық комиссия жүргізетін тұрақты мониторинг нәтижелері бойынша "Сауда" порталында үшінші тараптардың Еуразиялық экономикалық одаққа және оған мүше мемлекеттерге қатысты шектеу шаралары тізілімінің жаңартылған версиясы жарияланды. Қазіргі уақытта тізілімде ЕАЭО сыртқы саудасына тосқауыл болуы мүмкін 280 шара тіркелген. Салалық ынтымақтастықты дамыту және Моңғолиямен өзара саудадағы тосқауылдарды анықтау мәселелері бойынша жақында өткізілген семинар шеңберінде жаңа сауда тосқауылы тіркелді. Шектеу Моңғолиядан стратегиялық азық-түлік тауарларын (бидай ұны, бидай тұқымы, ауыз су, сүт және мал еті) импорттауға рұқсат беруге байланысты тәртіпті қолдануға қатысты. Бұл ретте Өзбекстан акциздерге қатысты әкімшілік шараның ішінара күшін жойды. Импортталатын ақ қантқа акциз салығы 2025 жылғы 1 қазаннан бастап жойылды. Комиссияның Еуразиялық экономикалық комиссия мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің 2024-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-шараларының жасасылған жоспары шеңберінде шектеу шараларының күшін жою бойынша Өзбекстан Республикасымен тұрақты диалог жүргізіп келе жатқанын атап өткен жөн. Комиссия үшінші елдермен саудадағы шектеу шараларын анықтау және жою жөніндегі жұмысты жалғастыруда. Шектеу шарасы туралы Еуразиялық экономикалық комиссия порталындағы арнайы нысан арқылы хабарлауға болады.
13 қазанның 2025 Арзыбек Кожошев: "ЕАЭО сыни шақырыстарды еңсеру үшін бірыңғай көлік-логистика кеңістігін қалыптастырады" Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым министрі Арзыбек Кожошев 13 қазанда Мәскеуде өткен "Еуразиялық логистика күні" халықаралық форумының пленарлық сессиясы шеңберінде мәлімдеді. Іс-шараны Еуропалық бизнес қауымдастығы (ЕБҚ) және Трансеуразиялық тасымалдар жөніндегі халықаралық үйлестіру кеңесі (ТТҮК) ұйымдастырды. Арзыбек Кожошев ЕАЭО үш басымдыққа: тауарлардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етуге, көлік жүйесінің тиімділігі мен байланыстылығын арттыруға, көлік қызметтерін көрсетудің ортақ нарығын құруға шоғырланғанын атап өтті. Бұл мақсат халықаралық үйлестіру, инфрақұрылымдық жобалар және жаһандық логистика тосқауылдарын жоятын және жаңа мүмкіндіктер ашатын цифрлық технологияларды ендіру арқылы жүзеге асырылады. Көлікті цифрландыру, атап айтқанда, электрондық жүкқұжаттарды, навигациялық пломбаларды ендіру және интеллектуалдық көлік жүйелері тұжырымдамасын іске асыру есебінен цифрландыру халықаралық логистиканың тиімділігін айтарлықтай арттырады, оны жіксіз ете отырып, әкімшілік тосқауылдарды азайтады. Сайып келгенде, мұның бәрі елдер арасындағы тауар айналымының өсуіне оң әсер етеді, деп атап өтті Арзыбек Кожошев. Бұл ретте ЕАЭО "Бір белдеу – бір жол", Солтүстік теңіз жолы және Транскаспий маршруты жобаларын қоса, жаһандық бастамалармен өзара іс-қимыл бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Балтық теңізінен Каспий арқылы Үнді мұхитына дейінгі "Солтүстік-Оңтүстік" дәлізінің дамуы жеделдеуде, ал Астрахан мен Ақтау порттарын жаңғырту және жаңа темір жолдар қазірдің өзінде жүк ағынының өсуіне оң әсерін тигізуде. "ЕАЭО елдерінің көлік инфрақұрылымы геосаясаттың, экономиканың және технологиялардың сыни шақырыстарына тап бола отырып, белсенді трансформациялау сатысында тұр. Алайда перспектива оптимистік болып қала береді: өңір бірлескен бастамалардың, цифрландырудың және халықаралық ынтымақтастықтың арқасында әлемдік көлік жүйесінің түйінді торабы бола алады", — деп атап өтті сөзінің соңында Арзыбек Кожошев. 
10 қазанның 2025 Максим Ермолович Өзбекстанның Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің басшысы Халилилло Турахужаевпен келіссөздер жүргізді Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермолович 9 қазанда Ташкентте Өзбекстан Республикасының Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Халилилло Турахужаевпен жұмыс кездесуін өткізді. Тараптар бәсекелестік саласындағы өзара іс-қимылдың түйінді мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, бірлескен консультациялар, форумдар мен семинарлар өткізу, цифрлық платформаларды реттеу бойынша тәжірибе, талдамалық материалдар және таңдаулы практика ауысу перспективасы қаралды. Кездесу қорытындысы бойынша сарапшылық өзара іс-қимылды жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. 2020 жылғы желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес Өзбекстан Республикасына Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесін берді.
10 қазанның 2025 Данияр Иманалиев: "Қазіргі заманғы технологиялар ЕАЭО-да статистиканың сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді" ЕЭК штаб-пәтерінде Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Данияр Иманалиевтің басшылығымен өткен бейінді Консультативтік комитеттің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі статистика саласының басты құжаттары қаралды. Олардың арасында – Еуразиялық экономикалық комиссияның 2026 жылға арналған Статистикалық жұмыстарының бағдарламасы, Еуразиялық экономикалық одақтың статистика саласындағы интеграцияны дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасы және ЕАЭО статистикасы саласындағы интеграцияны дамыту жөніндегі 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспары бар. Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары Комиссияға ұсынатын статистикалық көрсеткіштердің өзектілендірілген тізбесі және оларды ұсынудың 2026 жылдан бастап пайдаланылатын нысандары мақұлданды. ЕАЭО-да статистикалық ақпаратты қалыптастыру үшін жаңа ақпарат көздерін, атап айтқанда әкімшілік деректерді пайдалану туралы ақпарат таныстырылды. ЕЭК министрінің сөзінше, статистикалық байқаулардың жаңа құралдарын ендіру Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға ықпал ететін болады. "Қазіргі заманғы технологиялар ұлттық деңгейде де, ЕАЭО деңгейінде де басқа көздер есебінен қолжетімді ақпарат спектрін едәуір кеңейтуге және статистика сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Комиссия ОДМ мәселелері және үлкен деректерді қоса, жаңа дерек көздерін пайдалану бойынша халықаралық ұйымдармен және интеграциялық бірлестіктермен белсенді өзара іс-қимыл жасайды", — деп атап өтті ЕЭК министрі. ЕАЭО елдері арасындағы өзара тауар саудасы статистикасының 2024 жыл ішіндегі "айналы" деректерін салғастыру қорытындылары қаралды, сондай-ақ 2026 жылы деректерді салғастыру бойынша сарапшылардың екіжақты кездесулерін өткізу кестесі қалыптастырылды. Электрондық сауда тауарларының экспорты (импорты) көлемі туралы ресми ақпаратты қалыптастыру үшін ЕАЭО мемлекеттерінің тауарларымен сыртқы сауданың кедендік статистикасын жүргізу әдіснамасына өзгерістер енгізу мақұлданды. Қаржылық статистика көрсеткіштерін қалыптастыру бойынша әдіснама жобаларына, сондай-ақ ЕАЭО ашық деректері үшін SDMX Еуразиялық тіркелімін пайдалану кезінде уәкілетті органдардың халықаралық стандартты қолдануы жөніндегі ұсынымдарға қолдау көрсетілді. 
10 қазанның 2025 Максим Ермолович: "ЕЭК бәсекелестіктің жалпы қағидаларын ескере отырып, цифрлық нарықтарды реттейді" Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермолович 10 қазанда Ташкентте құқық қолдану практикасы мен негізгі кейстерді қоса, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі бәсекелестіктің жалпы қағидаларын ескере отырып, цифрлық нарықтарды реттеу туралы айтып берді. ЕЭК министрі "Өзбекстан Республикасындағы платформалық экономика: бәсекелестік туралы заңнама және цифрлық платформалардың нарықтық билігі" халықаралық семинарының панельдік сессиясында сөйлеген сөзінде Комиссияның ағымдағы жұмысының бағыттарына баса назар аударды. Атап айтқанда, ол цифрлық нарықтарды және цифрлық (электрондық) платформалардың қызметін зерттеуде қолданылатын жалпы тәсілдемелерді қалыптастыру, осы салада секторлық зерттеулер жүргізу, Электрондық сауда туралы келісім жобасын даярлау туралы хабарлады. "Бүгінде ЕАЭО құқығы Комиссияның цифрлық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларының сақталуын бақылауды жүзеге асыруы үшін жеткілікті құралдар тізбесін ұсынады. Бәсекелестіктің жай-күйін бағалау әдістемесі осындай нарықтарға тән факторларды ескеруге мүмкіндік береді", — деп атап көрсетті Максим Ермолович.  Іс-шараға қатысушылар тақырыптық панель форматында цифрлық нарықтардағы бәсекелестік туралы таңдаулы заңнамалық практиканы, жасанды интеллектің бәсекелестік пен нарықтық билікке деген өскелең ықпалын талқылады. Жаһандық цифрлық экономика райында бәсекелестік заңнаманы қолдану стратегиясы және осы саладағы тергеп-тексерулердің ағымдағы жағдаяты туралы сарапшылық пікірсайыс болып өтті.  Іс-шараны Өзбекстан Республикасының Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті БРИКС-тің Бәсекелестік құқық және саясат орталығымен бірлесіп ұйымдастырды және бәсекелестік саласындағы жетекші сарапшыларды, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің, Бразилияның, Германияның, Үндістанның, Италияның, Қытайдың бәсекелестік ведомстволарының өкілдерін жинады. 
09 қазанның 2025 Наира Карапетян: "ЕАЭО-да асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін күш-жігерді біріктіру аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін артырады" 9 қазанда Еуразиялық экономикалық комиссияның Агроөнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Наира Карапетянның төрағалық етуімен Мәскеуде Ресейдің "Алтын күз – 2025" агроөнеркәсіптік көрмесінің іскерлік бағдарламасы шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақта асыл тұқымды мал шаруашылығы бойынша үйлестіру кеңесі болып өтті. Асыл тұқым ресурстары нарығын дамыту жоспарлары, асылдандыру істері жүйесін қалыптастыру механизмдері мен құралдары, ЕАЭО шеңберінде асыл тұқымды мал шаруашылығында цифрландыруды дамыту талқылаудың түйінді тақырыптары болды. Наира Карапетян агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың міндетті шарты ретінде асыл тұқымды мал шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігі туралы айтып берді. "ЕАЭО шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымды өнімін айналысқа шығаруға, әкелуге, әкетуге және орнын ауыстыруға қойылатын талаптарды біріздендіру жөніндегі бұдан арғы қадамдар асыл тұқым ресурстары мен орнықты жеткізілім схемалары туралы жалпы деректер базасын құрумен қатар, Одақ мемлекеттерінде асыл тұқымды өніммен өзара сауданы ұлғайту және мал шаруашылығын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді", — деп атап өтті Наира Карапетян.  ЕЭК Агроөнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Сәуле Молдабаева "Инновациялар – практикаға: қазіргі заманғы кезеңде жасыл өнім сегменті қалай дамуда" атты панельдік пікірсайыс барысында шараға қатысушыларды мүше мемлекеттердің жасыл технологияларды қолдану және Одақтың АӨК органикалық өнімдерінің айналысы жөніндегі құқығын қалыптастыру саласындағы тәжірибесі туралы хабардар етті. Кеңеске ЕАЭО елдерінің асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкілетті басқару органдарының, ғылыми-зерттеу ұйымдарының, зертханалардың және мүше мемлекеттердің асыл тұқымды мал шаруашылығының өзге де субъектілерінің басшылары мен өкілдері қатысты. 
09 қазанның 2025 ЕЭК Алқасы ЕАЭО-ның халықаралық қызметінің 2026 жылға арналған негізгі бағыттарының жобасын мақұлдады Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық қызметінің 2026 жылға арналған негізгі бағыттарының жобасын мақұлдады. Құжат Одақтың алдағы жылға арналған сыртқы өзара іс-қимылының түйінді басымдықтарын, векторларын және практикалық міндеттерін айқындайды. Халықаралық қызметтің өзекті басымдықтары мен жаңа драйверлері Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясында баса көрсетілген стратегиялық міндетті іске асыруға — ЕАЭО-ның халықаралық аренада экономикалық тартылыс полюсі ретінде жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Жобада Одақтың жылдан жылға дәйекті түрде кеңейіп келе жатқан халықаралық күн тәртібінің барлық спектрі бейнеленген. Интеграциялық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейтуге, үшінші елдермен диалогты дамытуға, сондай-ақ жаһандық экономикалық алаңдарда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мүдделерін ілгерілетуге басты назар аударылды. ЕАЭО-ның халықаралық қызметінің 2026 жылға арналған негізгі бағыттарын Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес бекітетін болады.
Тағы да көрсету